Бүгін Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, жүлдегер болған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.
Жиында Ербол Мырзабосынов жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы табысты өнерімен құттықтады.
«Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК Жақсылвқ Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының спортшылары жаһандық додада 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, аралас командалық сында чемпион атанып, жалпы саны 11 жүлдеге қол жеткізді. Бұл – отандық дзюдо тарихындағы әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижелердің бірі.
Жаһандық бәсекеде жүлде алған 15 спортшы министрліктің Алғыс хаттарымен марапатталып, дзюдо федерациясының ақшалай сыйлықтары табысталды.
Марапаттау барысында спортшылармен қатар, олардың жоғары нәтижеге жетуіне үлес қосқан жаттықтырушылардың да еңбегі еленіп, лайықты марапаттар табыс етілді.