2026 жылғы 20–23 тамыз аралығында Эквадордың Гуаякиль қаласында дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты өтті.
Әлемдік додада «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жеке жарыстарда 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.
Алтын жүлдені 52 келіге дейінгі салмақта Супыгалиева Фатима, 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расулхан және 90 келіден жоғары салмақта Жаудинов Адильжан иеленді. Ал Жанахмет Адия 40 келіге дейінгі, Нұрбекен Әділжан 50 келіге дейінгі және Жұмажан Інжу 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде күміс медаль жеңіп алды.
Қола жүлдеге 50 келіге дейінгі салмақта Құдайберген Бекарыс, 60 келіге дейінгі салмақта Баубек Ахмет, 66 келіге дейінгі салмақта Үсенов Ерік және 73 келіге дейінгі салмақта Еркен Бекәли қол жеткізді.
Чемпионаттың басты жаңалығының бірі — Супыгалиева Фатиманың тарихи жетістігі болды. Ол Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, ел спортының тарихына есімін жазды.
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы аралас командалық сында Бразилия құрамасынан басым түсіп, осы санаттағы алғашқы әлем чемпиондығын жеңіп алды. Чемпиондық құрамда Ғабит Расулхан, Жұмажан Інжу, Еркен Бекәли, Төлебай Тоғжан, Жаудинов Адильжан және Жұбатқан Иянат өнер көрсетті.
Бұл жетістік — спортшылардың тынымсыз еңбегі, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тұрақты қолдау және бапкерлер құрамының кәсіби жұмысының нәтижесі.
Әлем чемпионатына дайындық барысында аға жаттықтырушылар Баймаханбетов Мейрлан мен Тұрсынов Талғат, жаттықтырушы Утешов Султан және жаттықтырушы-кеңесші Тайманс Седрик бастаған тәжірибелі мамандар спортшыларды дүбірлі додаға дайындады.
Осылайша, қазақстандық жас дзюдошылар Гуаякиль төріндегі әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 10 жеке медаль салып, аралас командалық сында тарихи алтынға қол жеткізді.