2026 жылғы 16–23 тамыз аралығында Словак Республикасының Братислава қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы U20 әлем чемпионаты өтті.
Жарыста «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, барлығы төрт медаль жеңіп алды. Оның ішінде грек-рим күресінен бір алтын, еркін күрестен бір күміс және екі қола жүлде бар.
Грек-рим күресінен 67 келі салмақта Қалмағанбетов Қазыбек әлем чемпионы атанды. Спортшыны жарысқа аға жаттықтырушы Мұратбек Касымханов пен жаттықтырушы Саясат Шангитбаев дайындады.
Ал еркін күрестен 61 келі салмақта Асамбек Бекасыл күміс медаль иеленсе, 57 келіде Асамбек Нұрасыл және 74 келіде Сейлбеков Нурдаулет қола жүлдеге қол жеткізді. Балуандардың жаттықтырушылары – аға жаттықтырушы Даулет Ниязбеков пен жаттықтырушы Расул Калиев.
Осылайша, Орталық спортшылары U20 әлем чемпионатында төрт жүлде жеңіп, ел қоржынына елеулі үлес қосты.